
Олимпиада чемпионы Баландин Азия өкілі ретінде Спортшылар комитетіне сайланды.
Қазақстан Халықаралық су спорты түрлері федерациясының (World Aquatics) құрылымдарындағы өкілдігін кеңейтті – ұйымның түрлі комитеттеріне төрт қазақстандық кірді, деп хабарлайды insports.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Qazaqstan Aquatics» бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин дауыс беру қорытындысы бойынша Азия өкілі ретінде Спортшылар комитетіне сайланды. Сайлауға 20 орынға 44 кандидат қатысқан. Құрамды қалыптастыру кезінде гендерлік тепе-теңдік пен географиялық әртүрлілік ескерілді. Сонымен қатар, World Aquatics басшылығының шешімімен федерация комитеттеріне Мират Өтепов (Аудиторлық комитеттің кеңесшісі), Илья Гусаков (Жүзу бойынша техникалық комитет) және Енлік Ұлтаракова (Спорттық медицина комитеті) кірді. Еске салайық, бұған дейін Сингапурда өткен World Aquatics конгресі барысында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин федерация басшысы Хусейн Әл-Мусалламмен жұмыс тәртібінде Qazaqstan Aquatics өкілдерінің халықаралық құрылымдардағы қатысуын кеңейту мәселесін талқылаған болатын. Қазақстандық мамандардың сайлануы мен тағайындалуы – елдің халықаралық спорт федерациялары құрылымдарындағы өкілдігін кеңейту және әлемдік спорттағы орнын нығайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.
2025 ж. 13 тамыз